Популярные тэги

11 бөлім, 104 бап: Жаңартылған Конституциядағы басты өзгерістер

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Ата заңға енгізілетін түзетулердің жинақталған жобасын таныстырылды.


28/01/2026
19:57 146 0

Бас құжат неше бөлімнен тұрады?

 

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше,  жаңартылған Конституция кіріспеден (преамбула), 11 бөлімнен және 104 баптан тұрады. Құжатқа екі жаңа бөлім енгізіледі – «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу». Сонымен қатар, тағы төрт бөлімнің атауы өзгертілмек.

 

77 бап түзетіледі

 

– Төрт бөлімнің атауы өзгертілді. «Жалпы бөлім» «Конституциялық құрылыстың негіздері», «Адам және азамат» бөлімі «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер», «Парламент» бөлімі «Құрылтай», «Соттар және сот төрелегі, прокуратура, адам құқықтары жөніндегі уәкіл» бөлімі «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау» бөлімі болып тұжырымдалды. 77 бапқа түзетулер дайындалды. Бұл – Конституция мәтінінің 84%-ы», – деді Нұрмаханов.

 

Жаңаратын преамбула

 

Сонымен қатар, Конституцияның преамбуласын толықтай жаңарту ұсынылып отыр. Онда елдің қазіргі құндылықтары, стратегиялық мақсаттары мен негізгі сын-қатерлері, мемлекеттің миссиясы және тарихи контексті көрініс табады.

 

Жобаға сәйкес, Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қала береді. Құжатта адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын бекітіледі.

 

Сондай-ақ конституциялық құрылыстың негіздеріне қатысты нормалар нақтыланбақ. Атап айтқанда, мемлекеттің егемендігі, аумақтық тұтастығы және биліктің бөліну қағидатына қатысты ережелер жаңартылады.

 

Бұдан бөлек, қолданыстағы құқық нормаларына, қоғамдық бірлестіктердің қызметіне және олардың мемлекетпен өзара іс-қимыл тетіктеріне қатысты баптар да қайта қаралған.

 

Үкіметтің өкілеттіктері

 

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бұдан бұрынғы отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияның үкімет функцияларын айқындайтын 5-бөліміне қандай өзгерістер енгізу көзделіп отырғанын айтқан.

 

«Мемлекеттік бағдарламаларды бекіту жөніндегі өкілеттіктерді, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді, атап айтқанда – олардың қызметіне басшылық ету және актілерінің қолданысын жою немесе тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктерді алып тастау ұсынылады», – деп атап өтті министр.

 

Cәрсембаевтың сөзінше, бұған дейін қолданыста болған «Нұрлы жол», «Цифрлы Қазақстан» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар енді мемлекеттік жоспарлаудың негізгі құжаты деп қарастырылмауы мүмкін. Олар тек шұғыл жағдайда ғана жасалады. Бұрын бұл құжаттарды бұрын Үкімет әзірлейтін.

 

Вице-президентке қойылатын талаптар

 

Конституцияға енгізілетін елеулі өзгерістердің бірі  – вице-президент лауазамының енгізілуі. Ол президенттің тапсырмасы бойынша өкілдік функцияларды орындайды, сондай-ақ парламентпен, үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда мемлекет басшысының атынан сөз сөйлейді деп болжанып отыр. Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен президент тағайындамақ. Лауазымнан босату туралы шешімді де мемлекет басшысы қабылдайды.

 

Конституциялық деңгейде осы лауазымға үміткерге қойылатын талаптарды бекіту ұсынылды.

 

Комиссия мүшелерінің айтуынша, вице-президентке өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін лауазымдарды атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға болмайды. Өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде вице-президент саяси партияға мүше болмауы тиіс.

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/01/2026 19:57
146 0

Уведомление